Павлодар облысында бет жабуға тыйым салу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр
Павлодарда полицейлер қоғамдық орындарда бет жабуға тыйым салу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының учаскелік полиция инспекторлары қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салуға қатысты заңнамадағы жаңа өзгерістер жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Аталған өзгерістер "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" заңға енгізіліп, қоғамдық қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған.
– Бұл талаптың басты мақсаты – тұлғаны сәйкестендіру мүмкіндігін қамтамасыз ету. Өйткені бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қылмыстарды ашуда шешуші рөл атқарады, – деп атап өтті полиция департаментінде.
Полицейлердің түсіндіруінше, тыйым тек бет-әлпетті толықтай жабатын киімдерге – балаклава, маска, никаб және соған ұқсас заттарға қатысты. Ал жүзді жаппайтын діни киімдер – хиджаб, шейла, химар, аль-амира және басқа да түрлері – бұл шектеудің аясында қарастырылмайды.
Сонымен қатар бірқатар ерекшеліктер бар. Атап айтқанда, тыйым ауа райының қолайсыз жағдайларында, медициналық көрсеткіштерге байланысты, қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындау кезінде, сондай-ақ азаматтық қорғау, спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар барысында қолданылмайды.
Полиция өкілдері барлық қабылданып жатқан шаралар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде ар-ождан және діни сенім бостандығын сақтай отырып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын ерекше атап өтті.
