Павлодарда полицейлер шетел азаматтарына көмек көрсетті
Павлодарда полицейлер шетел азаматтарына көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар – Шарбақты автожолында түнгі патруль кезінде полиция инспекторлары Кабимулла Асқар мен Әсет Әміров, жол шетінде тоқтап тұрған автобусты байқады. Жақындап келгенде, оның бұзылып қалғаны анықталды.
Полиция қызметкерлері бірден көмекке асықты. Автобус жүргізушісі Шымкент қаласының тұрғыны, таңертең Ресейдің Красноярск қаласынан Шымкентке қарай жолға шыққанын, салонда Өзбекстан азаматтарынан тұратын 58 жолаушы бар екенін айтты. Жолда көлік жанармайы таусылып, бұзылып қалған екен.
Жүргізуші үш сағаттан астам уақыт бойы жол жиегінде тұрып, өтіп бара жатқан көліктерден көмек сұрағанын, алайда ешкім тоқтамағанын айтты. Сол мезетте далада аяз күшейіп, жағдай қиындай түсті.
Полицейлер уақыт жоғалтпай көлікті тексеріп, істен шығу себебін анықтады. Кейін қалаға барып, қажетті дизель отынын жеткізді. Жанармай құйылып, көлік қайта іске қосылды.
Өз кезегінде автобус жүргізушісі мен жолаушылар полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.
– Бізге көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне үлкен рақмет. Егер олар болмағанда, көмекке қанша уақыт күтеріміз белгісіз еді. Олардың өз қызметтік міндеттерін ғана емес, сондай-ақ осындай қиын сәттерде көмек көрсетуге дайын екенін көріп, шын жүректен риза болдық. Сол күні қатты аяз болды, жолаушылар тоңып қалды. Олар барлық мәселелерді шешіп қана қоймай, бізді біраз уақыт бойы ілесіп жүрді. Бұл жігіттерге мықты денсаулық пен қызметте сәттілік тілеймін, – деді өз ризашылығын Авлод Асадов.
Павлодар облысының полиция департаменті қыс мезгілінде жүргізушілерді көлікке тиісті техникалық қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөліп, жеткілікті жанармай қорын алдын ала дайындауға шақырды.
– «Заң мен тәртіп» қағидаты – ішкі істер органдарының басты ұстанымы. Бұл қағида азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті сақтаудағы негізгі мақсатымыз болып қала береді, – деп атап өтті Павлодар облысының полиция департаменті.