Павлодарда полицейлер студенттермен буллингтің алдын алу мәселесін талқылады
Павлодарда полицейлер студенттермен буллинг пен бопсалаудың алдын алу мәселесін талқылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандарды құқыққа қарсы әрекеттерге тарту – өзектілігін жоғалтпай отырған маңызды мәселелердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл бағыттағы алдын алу жұмыстары ішкі істер органдарының басты міндеттерінің қатарында. Осыған байланысты полиция білім беру ұйымдарындағы жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударып келеді.

Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкерлері ИНЕУ колледжінің студенттерімен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған профилактикалық кездесу өткізді. Іс-шара барысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылық, буллинг пен бопсалаудың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Кездесу кезінде Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Еркебұлан Сапарғали жастар арасында жиі кездесетін өзекті проблемаларға тоқталып, мұндай заңсыз әрекеттердің ауыр әрі орны толмас салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ құқық бұзушылық жасағаны үшін заңнамада көзделген жауапкершілік туралы түсіндірді.
Полиция қызметкері студенттерге оқу орнындағы тәртіп ережелерін еске салып, қатарластары тарапынан болатын арандатушылықтарға қарсы тұру жолдары, жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілдері жөнінде нақты ұсыныстар берді. Сонымен бірге кәмелетке толмағандардың күн тәртібін сақтауына және ойын-сауық орындарында болу ережелеріне ерекше көңіл бөлінді.
Еркін форматта өткен кездесу жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Студенттер белсенді түрде пікір алмасып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ойларымен бөлісті.
– Біздің басты міндетіміз – әрбір оқушы мен студентті құқыққа қарсы әрекеттердің салдары туралы алдын ала ескерту. Білім беру ұйымдары әрбір бала мен жасөспірім өзін қауіпсіз сезінетін орта болуы тиіс. Онда буллингке, қатыгездік пен агрессияға орын болмауы керек, – деді құқық қорғау органы өкілі.
