Павлодарда полицейлер тұрғындарды интернет-алаяқтықтан сақтандыруда
Павлодарда полицейлер тұрғындарды интернет-алаяқтықтан сақтандыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында "Өзіңізді алдауға жол бермеңіз!" атты кең көлемді акция өтуде. Бұл шараның басты мақсаты – интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Облыс аумағында интернет-алаяқтықтың саны артуда. Жыл басынан бері 1022 алаяқтық дерегі тіркелсе, оның 869-ы ақпараттық технологиялар саласында жасалған.
– Қалада учаскелік инспекторлар қарттар мен жалғыз тұратын азаматтарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Алаяқтардан қорғану жолдары жазылған арнайы жадынамалар мен буклеттер таратылуда, – деді Павлодар облысы ПД өкілдері.
Полицейлердің айтуынша, егде жастағы адамдармен жеке кездесіп, қарапайым сақтық ережелерін түсіндіру – қылмыстың алдын алудың ең тиімді жолы.
Тәртіп сақшылары азаматтарды қырағы болуға шақырып, белгісіз адамдарды үйге кіргізбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге кеңес береді. Егер алаяқтардың құрбанына айналсаңыз, бірден 102 нөміріне хабарласу қажет.
Ішкі істер органдары интернет-алаяқтыққа қарсы күрес аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырады.