Павлодарда полицейлер "Жеңіске - 80 жыл" акциясы аясында флешмоб өткізді
Павлодар полицейлері "Жеңіске - 80 жыл" акциясы аясында флешмоб өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы аталып өтеді. Осыған орай Павлодар облысының полиция департаментінде арнайы акция бастау алды.
Полицейлер мен әскери қызметшілер Batyr Mall сауда-ойын-сауық орталығында оркестрдің сүйемелдеуімен соғыс жылдарындағы әндерге флешмоб ұйымдастырды. Сахна төрінде полиция қызметкерлері патриоттық әндерді орындап, жиналған көпшіліктің жүрегіне жол тапты.
Келушілер де бұл әсерлі сәтке бей-жай қалмай, сүйікті әскери әндерді қосыла шырқады. Әрбір ән жан тербеп, тыңдаушыларды толқытты. Көпшілігі көз жасын тыя алмады.
– Бүгінгі флешмобты біз 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арнаймыз. Бұл – өскелең ұрпақ аталары мен әжелерінің ерлігін ұмытпай, олардың батырлық жолын біліп жүрсін деген ниетіміз. Аталарымыз Отан үшін өз өмірлерін, денсаулықтарын құрбан етті. Біз оларды әрдайым еске алып, құрмет көрсетуіміз керек – деді Павлодар облысы ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ренат Киреев.
Жиналған қауым шара ұйымдастырушыларына алғыстарын білдіріп, мұндай игі бастаманың жүрекке жылы тиетінін айтты.
– Әсері керемет! Дауыстары да әдемі. Менің атам мен әжем соғысқа қатысып, басынан аяғына дейін майданда болған. Жеңіс күні – біздің отбасымыз үшін қасиетті мереке. Биыл да жақындарымызбен жиналып, батырларымызды еске аламыз, – деп бөлісті павлодарлық Иван Сергеевич.
Іс-шара соңында облыстық полиция департаментінің басшылығы Batyr Mall сауда орталығының директорына ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс хат табыс етті.
Ұлы Отан соғысының естелігі – біздің ұлттық бірегейлігіміз бен мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігі. Бұл тарихи шындықты сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу – әрбір азаматтың, оның ішінде полиция қызметкерлерінің де қасиетті борышы.