Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер жол ережесін бұзушыларды анықтады

Ертіс өңірінде төрт мыңға жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында өткен "Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында жол қозғалысы ережесін сақтамаудың мыңдаған дерегі тіркелді.

Шара кезінде 442 жаяу жүргінші жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін жауапқа тартылды. Сондай-ақ 416 жүргізуші маневр жасау ережесін бұзған, 278 жүргізуші көлікті басқара жүріп телефон қолданған. 98 адам бағдаршамның тыйым салатын белгісін елемесе, 88 жүргізуші мас күйінде көлік басқарған. Ал 33 жүргізуші қарсы жолаққа шығып, жол қозғалысына қауіп төндірген. Түрлі құқық бұзушылықтар үшін 236 автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары жолдардың жағдайына тексеру жүргізіп, жергілікті атқарушы органдарға оларды күтіп-ұстаудағы кемшіліктерді жоюға қатысты 35 нұсқама жолдады. Жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайда болғаны үшін 32 лауазымды тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды.

– Әлі күнге дейін жолда немқұрайдылық танытып, өзге қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапсыз қарайтын азаматтар бар. Мұндай салғырттық кейде орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін, – деп атап өтті Павлодар облыстық полиция департаментінде.

Полиция жүргізушілерді барынша мұқият болуға, жылдамдық режимін сақтауға, жол белгілері мен сызықтарын қатаң орындауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру