Павлодарда полицейлер жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы флешмоб өткізді
Павлодарда полицейлер жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы флешмоб өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң және тәртіп" қағидатын жүзеге асыру аясында Ш.Шөкин атындағы мектеп-гимназия алаңында жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша флешмоб ұйымдастырылды. Шараға Павлодардың бес мектебі қолдау білдірді.
Павлодар облысының полиция департаменті оқу жылы басталғаннан бері балалардың жолдағы қауіпсіздігі мәселесі өзекті екенін атап өтті.
– Жүргізушілерді жолда аса мұқият болуға, әсіресе мектеп пен балабақша маңында белгіленген ережелерді қатаң сақтауға шақырамын. Жылдамдық режимін бұзбау, қауіпті маневр жасамау – өз өміріңізді де, өзгелердің өмірін де қорғаудың басты кепілі, – деді облыстық ПД өкілі.
Флешмоб аясында оқушылар мен білім беру бөлімінің басшысы Тимур Нұркешов қала көшелеріне шығып, тұрғындарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салды.
"Қауіпсіз жол" жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде бірінші сынып оқушылары үшін ерекше сәт өтті – оларды "Жаяу жүргінші қатарына қабылдау" салтанаты ұйымдастырылды. Бұл олардың өміріндегі маңызды оқиға болды. Жол қозғалысы инспекторлары балаларға жолды дұрыс кесіп өту, бағдаршамның қызметі және көшеден өткенде жан-жағына қараудың маңыздылығы туралы түсіндірді.
Полиция, мектептер мен оқушылардың бірлескен іс-қимылы әрбір бала жолда өзін дұрыс әрі қауіпсіз ұстауды үйренген орта қалыптастыруға ықпал етеді.