Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына қатаң тосқауыл қойып келеді

Павлодарда полицейлер жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына қатаң тосқауыл қойып келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аймақ тұрғындарының қауіпсіздігі мен құқықтық тәртібін қамтамасыз етуде патрульдік полиция қызметінің маңызы зор. Қызмет инспекторлары күн сайын облыс орталығында тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау үшін тынымсыз еңбек етуде.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шараларға қарамастан, жүргізушілер заң бұзуды жалғастыруда.

Өткен тәуліктің өзінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 262 дерегі анықталды, оның ішінде 245-і – жол қауіпсіздігіне қатысты. 130 жүргізуші жылдамдықты асырса, 46 жаяу жүргінші белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен. Сонымен қатар, бірнеше жүргізуші мас күйінде рөлге отырып, қоғамға қауіп төндірген.

Олжабай батыр көшесінде Lada автокөлігі, ал Академик Шоқын көшесінде КIA көлігі полицейлердің күдігін тудырды. Медициналық тексеріс жүргізушілердің есірткі мен алкогольдің әсерінде болғанын растады. Бұл азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көліктері арнайы тұраққа қойылды. Материалдар сотқа жолданды.

Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы басқа да құқық бұзушылықтарға тосқауыл қойылуда. Мәселен, биыл Павлодарда қауіпсіздік белдігін тақпаған 4207 жағдай және қозғалыс кезінде телефон пайдаланған 1300 дерек анықталған. Алғаш рет ереже бұзғандарға ескерту жасалса, қайталанған жағдайда олар заң бойынша жауапқа тартылады.

– Патрульдік полиция – қоғамдық тәртіпті сақтау жүйесіндегі негізгі буын. Инспекторлар тәулік бойы құқық бұзушылықтарға қарсы күресіп, қылмыстарды «ізін суытпай» ашуда. «Заң және тәртіп» қағидаты ішкі істер органдарының басты ұстанымы болып табылады. Біздің қызметкерлер азаматтардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты үшін адалдық пен жанқиярлық таныта отырып жұмыс істейді, – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру