Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полицейлер жыл басынан бері қауіпсіздік белдігін тақпаған 9 мыңға жуық жүргізушіні тоқтатқан

Павлодарда полицейлер жыл басынан бері қауіпсіздік белдігін тақпаған 9 мыңға жуық жүргізушіні тоқтатқан, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қауіпсіздік белдігін тағу – жүргізуші мен жолаушылардың өмірін сақтайтын ең қарапайым әрі ең маңызды әрекеттердің бірі. Дегенмен, іс жүзінде бұл ережені барлық көлік иелері бірдей орындап жүр деп айтуға келмейді.

Павлодар облысы полициясының жүйелі профилактикалық шараларына қарамастан, жол қозғалысы ережелерінің ең жиі бұзылатындарының бірі – қауіпсіздік белдігін тақпау болып отыр.

Мәселен, Н.Назарбаев пен Кривенко көшелерінің қиылысындағы ЖБО орталығының камерасына Mercedes автокөлігінің жүргізушісі түсіп, оның көлікті қауіпсіздік белдігінсіз басқарғаны анықталды. Сондай-ақ Н.Назарбаев көшесінде бейнебақылау камералары Wolkswagen көлігін тіркеп, оның жүргізушісі де белдік тақпағаны белгілі болды. Ереже бұзғандар өз әрекеттерін ұмытып кеткендерімен түсіндірген.

Айта кетейік, жыл басынан бері тәртіп сақшылары қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін шамамен 9 мың құқық бұзушылықты тіркеген.

Полиция қызметкерлері азаматтарға жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, көлікті аса мұқият әрі жауапкершілікпен басқаруды ескертеді. Себебі жүргізушінің немқұрайлығы тек өзінің ғана емес, өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді.

"Заң және тәртіп" қағидаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын бақылауға бағытталған ішкі істер органдары қызметінің басты ұстанымы болып қала бермек. Әрбір ереже бұзушы өз әрекеті үшін міндетті түрде жауап береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру