Павлодарда полиция алаяқтық схемаларда пайдаланылған SIM-box жабдығын тәркіледі
Павлодарда полиция алаяқтық схемаларда пайдаланылған SIM-box жабдығын тәркіледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласындағы пәтерлердің бірінен арнайы жабдық пен телефон карталары қойылған жасырын кеңсе анықталды.
Тергеу барысында облыс орталығының 30 жастағы тұрғыны биылғы жылдың 12 маусымынан бастап SIM-box құрылғысын қолданғаны белгілі болды. Күдіктінің негізгі міндеті – SIM-карталарды тіркеп, оларды SIM-box-қа орнату болған.
Тінту кезінде тәртіп сақшылары 32 слотты SIM-box құрылғысын, MikroTik желілік трафикті басқару құралдарын, ұялы телефондар мен ноутбукті тәркіледі.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті Павлодар қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.