Павлодарда полиция халықпен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады
Павлодар облысында "Полиция жаныңыздан табылады" акциясы аясында полиция қызметкерлері тұрғындармен жиын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында Павлодар қалалық ПБ Орталық полиция бөлімінің ЖПҚБ аға учаскелік инспекторы Бауыржан Досымжанов аумақта құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
Құқық бұзушылықтардың, соның ішінде жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, есірткінің заңсыз айналымына, киберқылмысқа және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске ерекше назар аударылды. Учаскелік полиция инспекторлары халықпен өзара іс-қимыл, көмекке жүгіну мүмкіндіктері және жедел әрекет ету туралы айтып берді.
Тұрғындар көшелерді жарықтандыру, аудандарды патрульдеу, бейнебақылау орнату және учаскелік полицейдің жұмысына қатысты бірқатар сұрақтар қойды. Полицейлер барлық ұсыныстарды мұқият тыңдап, азаматтардың өтініштері жұмысқа қабылданатынын айтты.
Мұндай іс-шаралар тұрғындарды естіп қана қоймай, өзекті мәселелерді шешудің жолдарын бірлесіп іздеуге мүмкіндік береді.
Жиынға қатысушылар атап өткендей, мұндай кездесулер сенімнің нығаюына ықпал етеді, сондай-ақ ертеңгі күнге деген қауіпсіздік пен сенімділік сезімін қалыптастырады.