Павлодарда полиция интернет-такси өкілдеріне құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді
Павлодарда полиция интернет-такси өкілдеріне құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облыстық полиция департаментінің алаңында "Яндекс Такси", "InDriver", "№1 автобус паркі", "Зейн" ЖШС және өзге де интернет-платформалар арқылы жолаушы тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкерлермен кездесу өтті. Жиынның негізгі мақсаты — 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген "Автомобиль көлігі туралы" ҚР Заңындағы өзгерістерді талқылап, түсіндіру.
Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Азамат Күркебаевтың айтуынша, жаңа заңға сәйкес интернет-платформа арқылы жұмыс істейтін жеке тасымалдаушылар өз қызметін бастамас бұрын жергілікті атқарушы органға хабарлама жіберуге міндетті. Бұл деректер рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне енгізіледі.
— Ендігі кезекте интернет-платформа иелері тек тізілімге енгізілген жүргізушілерге ғана тапсырыс беруге рұқсат бере алады. Бұл ақпараттар жүйе арқылы автоматты түрде интеграцияланады, — деді Азамат Күркебаев.
Сонымен қатар, жеке такси тасымалдаушылар үшін бірқатар талаптар қарастырылған:
-
күнделікті медициналық тексеруден өту (рейс алдында және кейін),
-
автокөлікті техникалық байқаудан өткізу,
-
техникалық жарамды көліктерді ғана пайдалану,
-
жүргізушінің еңбек және демалыс режимін сақтау.
Полицейлер интернет-платформалардың иелеріне бұл талаптардың орындалуын бақылау жауапкершілігі де жүктелетінін ескертті. Яғни талаптарды орындамаған жүргізушілердің жүйеге кіруі бұғатталуы тиіс.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Жиын барысында полиция мен тасымалдау платформаларының өкілдері қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап беріп, бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендіктерін білдірді.