Павлодарда полиция мен еріктілер күш біріктіріп, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде
Павлодарда полиция мен еріктілер күш біріктіріп, аймақта құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жыл құқық бұзушылықтың алдын алу және "Заң мен тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету жылы болып жарияланды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ведомство алқасының отырысында мәлімдеді.
Павлодар облысының тәртіп сақшылары қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту мақсатында қосымша шараларды қолға алды. Бұл жұмыста шешуші рөл учаскелік полиция инспекторларына берілді.
- Учаскелік полицей – азаматтарға жақын, қолжетімді әрі сенімді болуы тиіс. Ол тұрғындардың құқықтарын белсенді қорғап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Соңғы жылдары Павлодар полициясы сервистік үлгіге көшіп, халықпен тығыз байланыс орнатуға бағытталған пилоттық жобаны іске қосты. Оның мақсаты – азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдарды құқық бұзушылықтың алдын алу үдерісіне тарту. "Қадамдық қолжетімді полиция" қағидатын жүзеге асыру аясында учаскелік полиция бекеттерінің саны артты. Олардың орналасу орындары халықтың тығыздығын ескере отырып таңдалды. Сонымен қатар бұл қызметтің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Криминогендік аудандар мен адам көп шоғырланатын орындарда тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи модульдік бекеттер көбейді. Бұл шаралар полицейлерге тұрғындардың кез келген өтінішіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді, – дейді Павлодар облысының полиция департаменті.
Құқық қорғау органдарының тұрғындармен тікелей байланысын нығайту – полиция жұмысының басты басымдықтарының бірі. Учаскелік полицейлер әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады, ал үй тұрғындары оларды арнайы чаттарға қосып, байланыс орнатады. Демалыс күндері полиция қызметкерлері азаматтармен онлайн кездесулер өткізіп, олардың мәселелерін тыңдайды. Сондай-ақ ZOOM платформасы арқылы конференциялар ұйымдастырылып, тұрғындардың ұсыныстары қарастырылады.
Қоғамдық тәртіпті сақтауда полиция қызметкерлеріне еріктілер мен белсенді жастар қолдау көрсетуде. Көп жағдайда олармен бірлесіп түрлі акциялар ұйымдастырылып, құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған іс-шаралар өтеді.
Кезекті рейд барысында полиция мен еріктілер ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу бойынша түсіндіру акциясын өткізді. Соңғы уақытта интернет алаяқтығы кең етек жайып, азаматтарға едәуір зиян келтіруде. Акция барысында белсенділер көшелер мен қоғамдық көліктерде буклеттер таратып, павлодарлықтарға алаяқтардың айла-амалдарынан сақ болуды ескертті.
Учаскелік аумақтарды патрульдеу кезінде полиция мен еріктілер есірткі жарнамасы жазылған жазуларды байқап, оларды дереу өшірді. Сонымен қатар, ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтар тұрғылықты жері бойынша тексеріліп, олармен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді.
- Полициямен бірлесе жұмыс істеу – қоғамға пайда әкелудің нақты үлгісі. Ерікті болу дегеніміз – айналаңдағы адамдардың мәселелеріне бей-жай қарамай, қолыңнан келгенше көмектесу, ортаңды жақсы жаққа өзгерту. Әр азамат қоғамдағы тәртіп пен тыныштықтың сақталуына өз үлесін қоса алады, – дейді еріктілердің бірі Әділет.
Қоғамдық тәртіп – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Полиция мен жұртшылықтың өзара ынтымақтастығы қауіпсіз орта қалыптастырудың тиімді жолы болмақ.