Павлодарда полиция өткен жылдың жұмыс қорытындыларын шығарды
Павлодарда полиция өткен жылдың жұмыс қорытындыларын шығарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі аппаратының басшысы Оңал Бекиевтің төрағалығымен жедел кеңес өтті. Кеңесте 2024 жылғы жұмыс қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Кеңес басталар алдында Оңал Бекиев жедел басқарудың жаңғыртылған орталығына барып, қызметкерлердің жұмыс шарттарымен және жаңа технологиялармен жабдықталған бөлімнің қызметімен танысты.
Кеңес барысында қызмет нәтижелері мен жіберілген олқылықтарға арналған баяндамалар тыңдалып, жеке құрамға Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру жөніндегі тапсырмалары жеткізілді.
– 2025 жыл ішкі істер органдарында алдын алу жылы болып жарияланды. Құқық қорғау жүйесі бұл бағытта үйлесімді және тиімді жұмыс істеуі тиіс. Қоғамдық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда полиция ұсақ құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын іске асыруда. Бұл заң бұзушылықтардың алдын алып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Заңға қайшы әрекеттер үшін жауапкершіліктің сөзсіздігі – құқық бұзушылықтарға тосқауыл қойып, қылмыстың алдын алудың маңызды тетігі болып табылады, – деді Оңал Бекиев.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Василий Скляр да полицияның басты мақсаты тек жазалау емес, құқық бұзушылардың тәртібін түзеу екенін атап өтті.
– Біз барлық құқық бұзушылықтарға бейтарап тергеу жүргізіп, кінәлі тұлғаларды заң алдында жауапқа тартамыз. Бірақ басты міндет – олардың заңға бағынудың маңыздылығын түсінуіне жағдай жасау. Бұл қоғамдағы тәртіпті қалпына келтіріп қана қоймай, қайталанған құқық бұзушылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ құқықтық нормалар мен әлеуметтік құндылықтарға құрмет қалыптастырады, – деді ол.
Ведомство басшысы жеке құрамның қызметтік тәртіп пен Әдеп кодексін мүлтіксіз сақтау қажеттігін де ерекше атап өтті.
Жедел кеңестен кейін Оңал Бекиев ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесу өткізіп, аға буынның еңбегіне құрмет көрсету – ІІМ үшін маңызды міндет екенін айтты. Ол ардагерлердің пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, ІІМ басшылығы мен жеке құрамы ардагерлерге материалдық және моральдық қолдау көрсетуге әрдайым дайын екенін жеткізді.
Бұл кездесулер қызметтің барлық деңгейіндегі тәртіп пен жауапкершілікті күшейтуге, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады.
Полиция өз міндетін адал атқара отырып, қоғамдағы құқықтық тәртіптің кепілі ретінде қызметін жалғастыра бермек.