Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полиция құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жаңа заң күшіне енетіндігі туралы ескертті

Павлодарда полиция құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жаңа заң күшіне енетіндігі туралы ескертті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстанда 2 наурыздан бастап Мемлекет басшысы қол қойған "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" жаңа заң күшіне енеді.

Жаңа заң құқық бұзушылықтардың алдын алудың бірыңғай құқықтық негізін қалыптастыруға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Құжаттың негізгі мақсаты — құқық бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын ерте кезеңде анықтап, олардың алдын алу.

Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Куркебаевтың айтуынша, жаңа тәсіл мемлекет тарапынан отбасылармен, жасөспірімдермен және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізуді көздейді. Бұл азаматтарға дер кезінде көмек көрсетіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Жаңа заң бұрын бөлек қолданылып келген құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалардың қадағалаусыздығының алдын алу және басқа да бағыттағы бес заңды біріктірді. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіріп, жүйенің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар заң азаматтардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Енді құқық қорғау органдарымен қатар өзге де мемлекеттік құрылымдар қоғамдық көмекшілерді тартуға құқылы. Құқық бұзушылық туралы фото немесе бейне дәлелдермен хабарлаған азаматтарға құқық бұзушыдан өндірілген айыппұл есебінен ақшалай сыйақы беру қарастырылған.

Жаңа заң аясында келесі санаттарға ерекше назар аударылады:
Балалар мен жасөспірімдерге қатысты ерте анықтау жүйесі енгізіліп, буллинг пен зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсетіледі;
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына жедел әрекет ету үшін мобильді топтар құрылып, отбасын қолдау орталықтарының жұмысы күшейтіледі;
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларға қатысты әкімшілік бақылау күшейтіліп, қайта әлеуметтендіру бағдарламалары жүзеге асырылады.

Сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алудың жаңа құралдары енгізіледі. Олардың қатарында антиқоғамдық өмір салтын ұстанатын тұлғаларға ресми ескерту жасау, жәбірленушіге жақындауға тыйым салу және қоғамдық орындарда бетті жасыратын киім киюге шектеу қою сияқты шаралар бар.

Жыл сайын қоғамдық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы Ұлттық баяндама жарияланып, азаматтарға мемлекеттік органдардың атқарған жұмысының нәтижелері туралы ашық ақпарат беріледі. Сонымен қатар жәбірленушілер мен олардың отбасылары туралы мәліметтердің құпиялығы заңмен қорғалады.

Жаңа заң азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп қана қоймай, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған кешенді жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді. Түсіндіру мәселелері бойынша азаматтар жергілікті әкімдіктерге, ішкі істер органдарына немесе отбасын қолдау орталықтарына жүгіне алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру