Павлодарда полиция қызметкерлері есептегі сотталғандарды тексерді
Павлодарда тұрғылықты жері бойынша 60 есепте тұрған тұлға тексерілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласы ПБ полиция қызметкерлері пробация қызметімен бірлесіп әкімшілік учаскедегі сот тәртібімен мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеген, ресми түрде әкімшілік қадағалауға жататын, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар санатына профилактикалық есепте тұрған және құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылған тұлғаларға тексеру жүргізді. Осылайша, тұрғылықты жері бойынша есепте тұрған 60 тұлға тексеріліп, олармен әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
– Мәселен, бақылауға алынған азаматтың тұрғылықты жерін тексеру кезінде үйінде болмағандығы анықталып, қызметкерлер оны спирттік ішімдік ішіп отырған күйінде Катаев көшесіндегі үйдің ауласындағы орындықтан тапты. Қоғамдық орында ішімдік ішіп, мас күйінде болғаны үшін ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Есін жиюы үшін ер адам уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырылды, – дейді Павлодар қалалық ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Дүйсекенов.