Павлодарда полиция қызметкерлері күдікті пәтерлерге рейд жүргізді
Павлодарда полиция қызметкерлері күдікті пәтерлерге рейд жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласы полиция басқармасының оңтүстік бөлімінің учаскелік инспекторы мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы есептегі азаматтар тұратын, сондай-ақ тұрғындардан шағым түскен күдікті пәтерлерге жоспарлы рейд жүргізді.
Рейд барысында спирттік ішімдіктерді ішу фактілері, қоғамдық тәртіптің бұзылуы, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың тұрмыс жағдайы тексерілді. Бұған дейін шулы компаниялар мен құқық бұзушылықтарға қатысты шағым түскен мекенжайларға ерекше назар аударылды.
Тексеру кезінде полиция қызметкерлері бірнеше пәтерді аралап, тұрғындармен профилактикалық әңгіме жүргізді, түнгі тыныштықты сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және құқыққа қарсы әрекеттерге жол бермеу қажеттігін ескертті.
Сонымен қатар есептегі азаматтардың белгіленген шектеулерді сақтау тәртібі тексерілді.
Мұндай рейдтер құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қаладағы тыныштықты сақтауға бағытталған.
Полиция азаматтарға қоғамдық тәртіпті бұзу, шулы компаниялар, көпшілік орындарда алкоголь ішу немесе басқа да құқыққа қайшы жағдайларды байқаған кезде "102" нөміріне дереу хабарласуды еске салады.
