Павлодарда полиция қызметкерлері SIM-карталарды жалға беру арқылы жасалған алаяқтық схемасын әшкереледі
Павлодарда полиция қызметкерлері SIM-карталарды жалға беру арқылы жасалған алаяқтық схемасын әшкереледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының киберполиция қызметкерлері SIM-карталар мен WhatsApp мессенджеріндегі жалған аккаунттарды пайдалану арқылы ұйымдастырылған алаяқтықтың жолын кесті.
2025 жылдың қыркүйегінде облыс пен Екібастұз қаласы аумағында азаматтардың қаржысын қашықтан иемденудің екі дерегі тіркеліп, келтірілген шығын 12 миллион теңгеден асты. Тергеу барысында алаяқтардың WhatsApp қосымшасы арқылы қоңырау шалып, өздерін мемлекеттік және қаржы ұйымдарының өкілдері ретінде таныстырғаны анықталды. Олар жеке деректерді қорғау мен киберқылмыстың алдын алу сылтауымен азаматтарды алдап, қолжетімділік кодтары мен банк деректерін иемденген.
Ведомствоның мәліметінше, қоңыраулар үшінші тұлғалардан Telegram мессенджері арқылы жалға алынған абоненттік нөмірлерден жасалған. Бұл схемаға көбіне өз SIM-карталары мен WhatsApp аккаунттарын қашықтан табыc табу үшін жалға берген колледж студенттері тартылған. Төлем криптовалютамен жүргізілген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында өз нөмірлерін пайдалануға берген екі кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Олардың қолынан 70-тен астам SIM-карта мен мобильді құрылғылар тәркіленді. Сондай-ақ схемада қолданылған 100-ден астам абоненттік нөмір анықталды.
Қазіргі уақытта аса ірі көлемде жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар ұйымдастырушыларды және нөмірлерді беруге немесе қылмыстық әрекетті үйлестіруге қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.