Павлодарда полиция қызметкерлері жас спортшылармен кездесті
Павлодарда полиция қызметкерлері жас спортшылармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында ерекше форматтағы кездесу өтті – Қазақстанның ұлттық таэквондо федерациясының (GTF) халықаралық ареналарда жоғары нәтиже көрсетіп жүрген жас спортшыларымен полиция өкілдері жүздесті.
Игі бастаманың бастамашысы – Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Нұрсейітов.
Кездесу барысында Болат Нұрсейітов спортшыларды жетістіктерімен құттықтап, болашақ жарыстарда сәттілік тіледі. Сондай-ақ жаттықтырушылар құрамына жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегі мен салауатты өмір салтын дәріптеудегі белсенді қызметі үшін алғысын білдірді.
Жас спортшыларға жетістіктерін мойындау белгісі ретінде полиция департаментінің Құрмет грамоталары, аты жазылған бейсболкалар және заманауи сымсыз құлаққаптар табысталды.
– Чемпиондарды тәрбиелеу – саналы, дені сау ұрпақ қалыптастырудың кепілі. Біз жастарды қолдау мен есірткіге қарсы күреске бағытталған бастамаларды әрдайым қолдаймыз. Бұл – болашақ үшін жасалып жатқан маңызды қадам, – деді Болат Нұрсейітов.
Бұл кездесу – полиция мен спорт әлемінің өкілдері бірлесе отырып, жастар тәрбиесі мен қауіпсіз қоғам құру жолында күш біріктіре алатынын көрсететін жарқын мысал