Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полиция жалған чек жасағандарды ұстады

Павлодар облысында полиция қызметкерлері алаяқтықтың жаңа әдістері туралы айтып, бірнеше қылмыс жасаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеу барысында күдікті ауылдық дүкендердің бірінде темекі блоктары мен азық-түлік сатып алып, сатушыға жалған чек ұсынғаны анықталды. Мұндай әрекеті арқылы ол төлем жасағандай көрініп, тауарды заңсыз иемденген.

Тағы бір жағдайда күдікті такси қызметін пайдаланып, жүргізушіге жалған чек көрсеткен. Зардап шеккендердің айтуынша, ол төлем туралы чекті телефондағы мобильді қосымша арқылы көрсетіп, алдау әрекетін жүзеге асырған. Алайда шын мәнінде ақша ешқашан түспеген.

Сонымен қатар күдікті досынан уақытша пайдалануға ұялы телефон сұрап, оның атына 155 мың теңге көлемінде несие рәсімдеген.

– Аталған деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Оның басқа да осындай алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексерілуде, дейді Павлодар облыстық полиция департаменті.

Полиция қызметкерлері азаматтарды, әсіресе кәсіпкерлерді, қырағылық танытуға шақырады. Төлем қабылдау кезінде әрбір чекті мұқият тексеріп, күдікті әрекеттерге назар аудару қажеттігін ескертті.

Қылмыстың алдын алу үшін азаматтарға 102 нөміріне немесе «Police 102» мобильді қосымшасы арқылы күмәнді жағдайлар туралы хабарлауға кеңес беріледі.

«Заң және тәртіп» қағидаты – ішкі істер органдарының басты ұстанымы. Бұл қағида азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған. Құқық бұзушылар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру