Павлодарда полиция жоғалған зейнеткерді іздеп тапты
Павлодарда полиция жоғалған зейнеткерді іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғыны Павлодар қаласының полициясына 68 жастағы әкесінің жоғалып кеткені туралы жүгінді.
– Жалғыз тұратын әкем үйден шығып кетіп, қайта оралмаған. Бұған дейін ол ешқашан жоғалып көрмеген. Бір тәулік бойы өзіміз іздеп көрдік, бірақ нәтиже болмады. Содан кейін полициядан көмек сұрадым. Олар бірден іздеу шараларын ұйымдастырды. Куәгерлерден әкемнің сыртқы келбетіне ұқсас адамды көргендері анықталып, жедел уәкілдер оның жүріп өткен бағытын шамалап анықтады. Ақыры, қалалық аулалардың бірінен әкем аман-есен табылды. Қызметтегі жұмыс регламенттері мен жүктемеге қарамастан, полицейлер бізді қиын жағдайда жалғыз қалдырған жоқ. Бұл жігіттерге адамгершілік, қайырымдылық пен жанашырлық тән. Шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді әйел адам.
Полиция қызметкерлері қарт ата-аналарға мұқият қарауға шақырады, себебі мұндай жағдайлардың алдын алу – әр адамның жауапкершілігінде. Егер сіз бағдарсыз жүрген, өз-өзін білмейтін азаматты байқасаңыз, дереу "102" нөміріне хабарласыңыз – мүмкін ол біреудің жақыны болып шығар.
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс бойынша із-түзсіз жоғалған 20 адамның 15-і табылып, үйлеріне қайтарылды.