Павлодарда полицияның кешенді күштерімен жалпы гарнизондық нұсқаулық өткізілді
Павлодарда полицияның кешенді күштерімен жалпы гарнизондық нұсқаулық өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 маусым күні Павлодар облысында "Қарасора-2025" республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы ресми түрде басталды. Бұл науқан ағымдағы жылдың 31 қазанына дейін жалғасады және есірткіге қарсы күрестің маңызды кезеңі болмақ.
Іс-шараның негізгі мақсаты — құрамында есірткі бар өсімдіктердің заңсыз егістіктерін, олардың табиғи түрде өсу ошақтарын анықтап, алдын алу және жою. Сонымен қатар тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысы бар тұлғалардың өсімдіктер өсетін жерлерге, сақтау және өңдеу орындарына қол жеткізуіне жол бермеу көзделген.
Бұл операция полиция қызметкерлерінің ғана емес, сондай-ақ басқа құқық қорғау органдары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар, ауыл шаруашылығы қожалықтары, саяжай кооперативтері мен бағбандар серіктестіктерінің белсенді қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен бірлескен нұсқаулық барысында есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдың басым бағыттары белгіленді. Атап айтқанда, есірткі зертханаларының қызметін анықтап, олардың жұмысын тоқтатуға ерекше назар аударылады.
Операция аясындағы іс-шаралар ҚР Ішкі істер министрі жариялаған "Профилактика жылы" мен 26 маусым – Халықаралық нашақорлықпен және есірткі саудасымен күрес күніне орайластырылған.
Полиция департаменті есірткі құрамдас өсімдіктерді өсіру қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабына сәйкес, бұл әрекет үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Өз аумағында өсіп шыққан есірткі құрамдас өсімдіктерді жоюдан бас тартқан жеке және заңды тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 420-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Полиция азаматтарды есірткі өсімдіктерінің өсуі немесе оларды өсіру фактілері туралы білген жағдайда, дереу "102" нөміріне немесе "Police 102" мобильді қосымшасы арқылы хабарлауға шақырады.