Павлодарда полицияның жедел бөлімшелері арасында спорттық сайыс өтті
Павлодарда полицияның жедел бөлімшелері арасында спорттық сайыс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласындағы "Динамо" спорт кешенінде облыстың жедел полиция бөлімшелерінің он командасы арасында дәстүрлі спорттық жарыс өтті. Құқық қорғау саласының үздіктері ату, штанга көтеру, арқан тарту, үстел теннисі, жүзу және волейбол сынды бірнеше спорт түрлерінен бақ сынады.
Іс-шараның ашылуында Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов қатысушыларды құттықтап, оларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде бүгінгі жарыстың басты мақсаты – полиция қызметкерлерінің ерік-жігерін, ептілігін, жылдамдығын және командалық рухын шыңдау екенін атап өтті.
Спорт алаңдарында достық пен бәсекелестік рухы қатар өрбіді. Қатысушылардың басты мотивациясы – әріптестері мен жақындарының қолдауы, жанкүйерлердің ыстық ықыласы болды.
Жарыс қорытындысы бойынша жеке және командалық есепте жеңімпаздар анықталды.
Волейбол турнирінде төрешілер бірауыздан Павлодар қаласы полиция басқармасының командасын бірінші орынға лайық деп таныды. Екінші орынды Баянауыл ауданының, ал үшінші орынды Успен ауданының командасы иеленді.
Волейбол алаңындағы қарбаластың қарама-қарсысы – атысу тирі болды. Мұнда тыныштық пен шоғырлану маңызды рөл атқарды. Қатысушылардың әр командасынан бір қызметкер қатысып, ең мерген атқыштар деп Талғат Жақсыбаев, Серік Мускенов және Асылбек Смағұлов танылды.
Арқан тарту сайысында жеңіске жетудің кілті – қатысушылардың дұрыс орналасуы мен үйлесімді қимыл әрекетінде болды. Бұл сайыста ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының командасы үздік нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы екінші орынды, ал Екібастұз қаласы полиция басқармасының командасы үшінші орынды жеңіп алды.
Үстел теннисі бойынша жеңімпаз атанған – Успен ауданының өкілі Талант Жүнісов. Күміс жүлдені ПД ҰҚҚКБ қызметкері Қуанышбек Қабжанов, ал қола жүлдені Баянауыл ауданынан Дәлел Қосай иеленді.
Штанга көтеру бойынша шиеленісті тартыс нәтижесінде Павлодар қаласы полиция басқармасының өкілі Данияр Баймағамбетов жеңімпаз атанды. Екінші орынды ПД ПКП қызметкері Владислав Ермолаев, ал үшінші орынды Баянауыл ауданынан Бақтияр Қабыл иеленді.
Жарыстың жалпы командалық есебінде Павлодар облысы полиция департаментінің криминалдық полиция командасы үздік деп танылды. Екінші орынды Баянауыл ауданы полиция бөлімі, ал үшінші орынды ПД ҰҚҚКБ командасы жеңіп алды.
Іс-шара соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, грамоталар, кубоктар және бағалы сыйлықтар табысталды.
Жарыс полиция қызметкерлерінің кәсіби шынығуын арттырып қана қоймай, ұжымдық рух пен бірлікті нығайтты.