Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда психотроптық заттарды таратқан студент бас бостандығынан айырылды

18 жастағы студент психотроптық заттарды таратқаны үшін 6 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде көлік полицейлері психотроптық заттарды заңсыз таратты деген күдікпен Павлодар облысының 18 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Тексеру барысында қалалық колледждердің бірінің студенті жеңіл табыс табу мақсатында есірткі заттарын таратумен айналысуға келісім бергені анықталды. Оның рөлі тыйым салынған затты алып, Павлодар қаласының аумағында арнайы орындарға жасырып кету болған.

Мессенджер арқылы нұсқау берген куратордың тапсырмасына сәйкес ол келісілген жерден жалпы салмағы 8,7 грамм болатын альфа-PVP психотроптық затының 21 дозасы салынған түйіншекті алып, теміржол вокзалына бет алған. Алайда аталған жерде оны желілік полицияы бөлімінің қызметкерлері ұстап алады.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Нәтижесінде Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты күдіктіні 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Бұл оқиға жеңіл табысқа жетудің иллюзиясына алданып, жастардың болашағын қалай құртып алатынының айқын дәлелі. Бір ғана ойланбай жасалған қадам және алда темір тордың ар жағында өтетін жылдар күтіп тұр.

Көлік полицейлері жастарды заңсыз есірткі айналымына қатысты ұсыныстарға ермеуге шақырады. Мұндай схемаға қатысқандарға қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Айта кетейік, биылғы жылдың алты айында көлік полицейлері 200-ден астам есірткі заң бұзушылықтарын анықтады, оның ішінде 31 өткізу фактісі, 12 аса ірі мөлшерде сақтау және 5 контрабанда фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан шамамен 240 келі есірткі тәркіленді, оның ішінде 110 келіден астамы синтетикалық зат бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру