Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда қараусыз жайылған мал баланы жарақаттады: иесі жауапқа тартылды

Павлодарда бос жүрген сиыр төрт жасар қызды жарақаттады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысы Қалқаман ауылында ойнап жүрген бүлдіршінге иесіз жайылып жүрген сиыр шабуыл жасаған. Оқиға орнына жүгіріп келген көршісі жануарды қуып, қызды құтқарған.

Дереу жедел жәрдем мен полиция шақырылды. Дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп, баланың өміріне қауіп жоқ екенін айтты.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ірі қара малдың иесі анықталып, малды қараусыз жіберу ережесін бұзғаны үшін айыппұл салынды. Сонымен қатар онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Жәбірленуші отбасы материалдық және моральдық шығынды өндіру үшін сотқа жүгіну құқығын сақтап қалды.

— Мал иелері малды қараусыз қалдырмауы тиіс. Жайылымды ұйымдастыруға жауапкершілікпен қарап, бар мал басын ауыл әкімдігінде тіркетіп, таңбалау немесе чиптеу жұмыстарын жүргізу қажет, — деп ескертеді полиция қызметкерлері.

Статистикаға сүйенсек, биыл облыста малды қараусыз жайғаны үшін шамамен мыңға жуық мал иесі жауапқа тартылған. Арнайы қораларға 14 мыңнан астам иесіз мал қамалған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру