Павлодарда қарсы жолаққа шыққан жүргізушілер анықталды
Павлодарда қарсы жолаққа шыққан жүргізушілер анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарсы қозғалыс жолағына шығу – жол жүру ережелерін өрескел бұзудың ең қауіпті түрлерінің бірі. Бұл әрекет тек жүргізушінің өзіне ғана емес, жол қозғалысының өзге қатысушыларына да зор қауіп төндіреді. Осындай заңсыз маневрлер салдарынан ауыр жол-көлік оқиғалары жиі тіркеліп, адамдар түрлі жарақат алып, тіпті өмірмен қоштасатын жағдайлар да кездеседі.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай әрекет үшін көлік жүргізу құқығынан 6 айға дейін айыру жазасы қарастырылған. Дегенмен, жүргізуші куәлігінен айырылу қаупі де кей азаматтарды тәртіп бұзудан тыя алмай отыр.
Жыл басынан бері облыс көлемінде қарсы жолаққа шыққан 144 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Мәселен, Павлодар қаласындағы Малайсары батыр көшесінде Toyota көлігінің жүргізушісі ЖБО бейнебақылау камералары арқылы тіркеліп, төрт жолақты, екі бағыттағы қозғалыс бөлігінде қарсы бағытқа шыққаны үшін жауапқа тартылды.
Тағы бір жағдайда қоғамдық көлік жүргізушісі – яғни өзімен бірге ондаған жолаушының өміріне жауапты адам – дәл осындай заңсыздыққа жол берген. Аталған екі дерек бойынша материалдар сотқа жолданып, тиісті процессуалдық шешімдер қабылданатын болады.
Полиция барлық көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жолда барынша мұқият болуға шақырады. "Заң және Тәртіп" қағидасы – ішкі істер органдарының негізгі ұстанымы. Әр құқық бұзушылық жауапсыз қалмайды.