Павлодарда қауіпсіздік белдігін тақпаған үш мыңнан астам жүргізуші анықталды
Қауіпсіздік белдігін тақпаған 3357 жүргізуші анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысына қатысушылардың барлығы дерлік көлік қозғалысын бастамас бұрын қауіпсіздік белдігін тағу қажеттігін жақсы біледі. Бұл — апат кезінде адам өмірін құтқарып қалуы мүмкін қарапайым әрі маңызды ереже. Дегенмен кейбір жүргізушілер өздеріне тым сенімді болып, бұл талапты елемей жатады.
Мысалы Майра көшесінде полицейлер Toyota автокөлікті тоқтатты. Оның жүргізушісі көлік тізгіндеп келе жатып, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Жүргізуші бұл әрекетін белдікті ұмытып кеткенімен түсіндірді. Аталған құқық бұзушылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, көлік иесімен профилактикалық түсіндіру жұмысы жүргізілді, — дейді Павлодар облысы полиция департаменті.
Айта кетейік, 2025 жылдың осы кезеңінде қауіпсіздік белдігін тақпау және жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзу дерегі бойынша 3357 жүргізуші жауапкершілікке тартылған.
Полицейлер еске салғандай, жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, жүргізуші қауіпсіздік белдігімен жабдықталған көлік құралын басқарған кезде міндетті түрде белдігін тағып, сондай-ақ белдік тақпаған жолаушыларды тасымалдамауы тиіс.