Павлодарда қазақтың ұлы ақыны Абай есімімен аттас жеті полицей қызмет етеді
Павлодар облысының полиция департаментінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының есімімен аттас жеті қызметкер абыройлы қызмет атқарып жүр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай – тек қазақтың емес, күллі адамзаттың рухани биігіне айналған тұлға. Ол – қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ойшыл, ағартушы әрі кемеңгер философ. Шын есімі Ибраһим болғанымен, әжесі Зеренің еркелетіп қойған Абай есімімен танылып, бұл атау бүгінде ұлттың рухани символына айналды.
Павлодар облысының полиция қатарында Абай есімді жеті азамат ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында еңбек етуде. Олар: департамент инспекторы Абай Еркінжас, патрульдік полиция ротасының инспекторы Абай Тыныбаев, Павлодар қаласының орталық полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі Абай Мүліков, Железин аудандық полиция қызметкері Абай Қасқырбаев, Екібастұз ПБ кезекшісі Абай Беляев, патрульдік полицияның инспектор-кинологі Абай Асылханов және Павлодар қаласы ПБ инспектор-кезекшісі Абай Сапиолла.
Ұлы ойшылдың мерейтойына орай олар Абайдың Қара сөздерінен үзінді оқып, челленджге қатысты. Қызметкерлердің әрқайсысы өз есімінің маңызын терең сезінетінін мақтанышпен жеткізді.
– Ата-анамның мені ұлы Абайдың құрметіне атағанына ерекше қуаныштымын. Оның шығармашылығы мен даналығы әр қазақтың жүрегіне жол табады, – дейді полиция инспекторы Абай Еркінжас.
– Абай – ұлттың рухани темірқазығы. Оның философиялық көзқарасы бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар бола алады, – деп атап өтті Абай Тыныбаев.
Ал Абай Мүліков ұлы ақынның сазгерлік қабілетіне тоқталып: – "Көзімнің қарасы" секілді әндері – халықтың жанына айналған туындылар. Абай есімін иелену – зор жауапкершілік, – дейді.
Бүгінде Абайдың мұрасы ұлтпен бірге жасасып келеді. Ал оның атын арқалаған тәртіп сақшылары сол мұраға лайық болуды азаматтық парыз деп біледі.