Қостанайда қоғамдық көлікте Жеңіс әні шырқалды
Қостанайда қоғамдық көлікте Жеңіс әні шырқалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай қаласының қоғамдық көлігінде ерекше әсерлі көрініс орын алды. Полиция департаментінің қызметкерлері Ұлы Жеңіс мерекесіне орай жүрек тебірентерлік акция ұйымдастырып, қалалық автобустардың бірінде соғыс жылдарының символына айналған "Катюша" мен "Жеңіс күні" әндерін орындады.
Кенеттен басталған ән жолаушыларды күнделікті күйбең тірліктен бір сәтке арылтып, бәрін ортақ әуенге біріктірді. Қарт кісілердің жанарына жас үйіріліп, өткен күндердің елесі көз алдарынан тізіліп өтті. Бұл ән олар үшін тек әуен ғана емес, жүрекке жазылған естелік еді. Ал жастар бұл сәтті ұмытпастай етіп, телефондарына түсіріп, есте қалдыруға тырысты.
Осылайша, полиция қызметкерлері Жеңіс күнінің мәнін ерекше сезіммен жеткізіп, ән арқылы рухты тірілтті. Бір сәтке болса да жүректерді жақындатқан бұл шара үшін барша жұрт алғыс айтып, бірге ән шырқап, мерекелік көңіл күйге бөленді.