Павлодарда қоғамдық орында ішімдік ішкен 600 азамат жауапқа тартылды
Павлодарда 600-ден астам азамат қоғамдық орында ішімдік ішкені үшін жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Суық күндер басталғалы бері павлодарлықтар үйлердің кіреберістерінде ішімдік ішетін азаматтарға жиі шағымдануда. Құқық бұзушылар тек спирттік ішімдіктерді тұтынып қана қоймай, қоғамдық орындарда шылым шегіп, айналасындағыларға қолайсыздық туғызады.
Мәселен, полицияға Назарбаев даңғылы бойындағы үйдің тұрғындары қоңырау шалып, кіреберісте белгісіз ер адамның жалғыз өзі ішімдік ішіп отырғанын хабарлаған. Осыған ұқсас жағдай Гагарин көшесіндегі үйде де орын алды – 8-қабатта қолында бөтелкесі бар мас адам отырған. Сонымен қатар Московская көшесіндегі аялдама павильонында да қатты мас күйде тұрған азамат анықталды.
Барлық құқық бұзушылар Павлодар қаласының уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді. Оларға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
– Көшеде ауа температурасы нөлден төмен, мұндай жағдайда алкогольдік масаң күйдегі азаматтар үсікке шалдығуы немесе тіпті қатып қалуы мүмкін. Егер сіз қоғамдық орындарда немесе кіреберістерде осындай жағдайға куә болсаңыз, дереу 102 нөміріне немесе учаскелік инспекторға хабарлаңыз. Полиция қызметкерлері міндетті түрде келіп, тиісті шаралар қабылдайды. Ал егер адамға медициналық көмек қажет болса, 103 нөміріне жедел жәрдем шақырған жөн, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті.
"Заң және тәртіп" қағидаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған ішкі істер органдарының негізгі ұстанымы. Заң бұзған әрбір азамат жауапкершілікке тартылады.