Павлодарда қоғамдық орында ішімдік ішкен тұрғындар жазаланды
Павлодарда қоғамдық орында ішімдік ішкен тұрғындар жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ойын алаңдары шулы компаниялардың орнына айналып барады. Көп жағдайда ойын алаңдары балаларға емес, жастардың бас қосатын орнына айналып келеді. Олар мұнда тек жазда ғана емес, қыста да жиналып, спирттік ішімдіктер ішіп, айналаға қоқыс қалдырады.
Мәселен, И.Байзақов көшесіндегі қалалық аулаларды патрульдеу барысында полиция қызметкерлері күндіз ойын алаңында спирттік ішімдік ішкен екі азаматты анықтады. Ал Майра көшесіндегі тұрғындар ойын алаңында “пивбар” ұйымдастырған жастарға шағымданып, полицияға хабарласқан.
— Қарлы күндер жылы болған кезде, балаларымның таза ауада көбірек уақыт өткізгенін қалаймын. Бірақ серуендеріміз мас адамдардың кесірінен жанжалға айналады. Олар ескертуге агрессивті жауап береді әрі айналасын ластайды, — деп шағымданды тұрғындардың бірі.
Полиция қызметкерлері барлық құқық бұзушыға әкімшілік шара қолданды. Қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені үшін олардың әрқайсысына 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ құқық бұзушылармен алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ойын алаңы — қоғамдық орын. Онда ішімдік ішіп, айналаға кедергі келтіретін адамдардың әрекеті заңға қайшы. Егер сіз осындай құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз, 102 нөміріне қоңырау шалып, “102” мобильді қосымшасы арқылы немесе @dp_pavlodar Instagram парақшасына ақпарат жіберуіңізге болады.
Полиция “заң және тәртіп” қағидатын басшылыққа ала отырып, азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және ауыр қылмыстарға жол ашатын ұсақ бұзушылықтарға бей-жай қарамауға шақырады.