Павлодарда қоғамдық орындарда ішімдік ішкен 9 мыңнан астам тұрғын анықталды
Павлодарда қоғамдық орындарда ішімдік ішкен 9 мыңнан астам тұрғын анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Суық күндердің басталуына байланысты Павлодар қаласында тұрғын үйлердің кіреберістерінде спирттік ішімдік ішетін азаматтарға қатысты шағымдар жиілеген.
Мәселен Олжабай батыр көшесінде орналасқан үйлердің бірінің тұрғындары полицияға хабарласып, көршілерінің кіреберісте спирттік ішімдік ішіп, пәтер есіктерін қағып, қоғамдық тәртіпті бұзып жүргенін жеткізген. Осыған ұқсас жағдай Дүйсенов көшесіндегі үйлердің бірінде де тіркелген. Онда бесінші қабатта мас күйдегі азаматтар жиналып, тұрғындардың ескертулеріне құлақ аспай, баспалдақ алаңында ішімдік ішіп әрі темекі шеккен. Таңертең тұрғындар подъезд ішінде темекі тұқылдары мен бос бөтелкелердің қалатынын айтқан.
Ал Горький көшесіндегі үйлердің бірінде тұрғындар подъезде мас күйдегі үйсіз адамның жүргенін хабарлаған. Оның жағымсыз иісі санитарлық нормаларды бұзып, тұрғындардың алаңдаушылығын туғызған. Тұрғындар оны өз күштерімен шығарып сала алмаған соң, полиция көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Аталған жағдайлар бойынша мас күйде болған азаматтардың барлығы Павлодар қаласының уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді. Оларға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанған жағдайда, сот шешімімен айыппұл көлемі екі еселенуі немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу шарасы қолданылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Павлодар облысында қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішкені үшін 9 мыңнан астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Полиция қызметкерлері ауа райының суытуына байланысты алкогольдік мас күйде жүрген азаматтардың үсіп қалу қаупі жоғары екенін ескертеді. Осындай жағдайларға куә болған жағдайда, тұрғындардан дереу 102 нөміріне немесе учаскелік полиция инспекторына хабарлау сұралады. Қажет болған жағдайда 103 нөмірі арқылы жедел медициналық жәрдем шақыру қажет.
"Заң және тәртіп" қағидатын басшылыққа ала отырып, полиция қоғамдық орында мас күйде болу әдеп нормаларын өрескел бұзу екенін еске салып, тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады. Құқық бұзушылар заң алдында міндетті түрде жауап береді.
