Павлодарда қоғамдық тәртіпке қауіп төндірген заңсыз пәтерлер мөрленді
Павлодарда қоғамдық тәртіпке қауіп төндірген заңсыз пәтерлер мөрленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң және тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында Павлодар қаласында құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған профилактикалық іс-шара жүргізіліп жатыр.
Павлодар қаласының полиция қызметкерлері заңнама талаптарын бұза отырып пайдаланылған және қоғамдық тәртіп пен азаматтарға қауіп төндіретін нысандарды тексеруде.
Қаланың тұрғын үйлерінің бірінде тұруға жарамсыз деп танылған пәтерлер анықталды. Аталған үй-жайлардың заңсыз пайдаланылғаны, сондай-ақ онда болған тұлғалардың алкогольдік ішімдіктерді жүйелі түрде тұтыну арқылы қоғамдық тәртіпті бұзғаны және айналасындағыларға қолайсыз жағдай туғызғаны анықталды.
Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аталған пәтерлер мөрленді. Азаматтармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, қолданыстағы заңнама талаптары мен оны бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік түсіндірілді.
"Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясындағы профилактикалық жұмыс жалғасуда және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын сақтауға әрі қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған.
