Павлодарда қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицейлерге тағзым етілді
Павлодарда қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицейлерге тағзым етілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полицейлері қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан әріптестерінің рухына тағзым етіп, олардың құрметіне орнатылған обелискке гүл шоқтарын қойды. Бұл шара – Отан алдындағы адал қызметтің, ерлік пен жанқиярлықтың символына айналған қызметкерлердің жарқын бейнесін еске алуға арналған.
Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдардан бері Павлодар облысының құқық қорғау саласында 8 бірдей қызметкер өз борышын атқару үстінде көз жұмған. Олар – Ахметқалы Тезекбаев, Мейрам Дәулетов, Қанат Сармантаев, Асылбек Бижанов, Ерлан Нұржанов, Ербол Сембаев, Фарид Какабаев және Харки Арли. Бұл азаматтардың барлығы – ел тыныштығы үшін күресіп, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында өмірінің ең қымбат сәттерін сарп еткен жандар.
– Бүгін біз өлімнен именбеген, Отан алдындағы антына адал болған батырларды еске аламыз. Олар – өз өмірін бейбіт азаматтардың қауіпсіздігі үшін қиған ержүрек тұлғалар. Естеліктері мәңгі жүрегімізде сақталады, – деді полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Шараға департамент басшылығы, жеке құрам және қаза тапқандардың туыстары қатысты. Еске алу рәсімі бір минуттық үнсіздікпен басталып, үш дүркін қару атысымен жалғасты.
Қаза тапқан қызметкерлердің есімі олардың қызмет еткен бөлімшелерінің тізімінде мәңгілікке жазылды. Олардың ерлігі қазіргі жас тәртіп сақшылары үшін өнеге мектебі болмақ. Бұл – ел тыныштығын күзеткен батырларға деген құрмет пен тарихи жадымыздың мәңгі өшпес белгісі.