Павлодарда самбо күресінен жарыс өтті
Павлодарда самбо күресінен жарыс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Динамо" спорт кешенінде Павлодар облысы полиция департаменті қызметкерлері арасында самбо күресінен іріктеу жарысы ұйымдастырылды. Жарысқа 60 спортшы қатысты. Бұл шара "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдығына арналды.
Самбо – ұлттық күрес түрлерінің үйлесімінен туған, жауынгерлік өнердің заманауи үлгісі ретінде әскери және құқық қорғау қызметіне тиімді дайындықтың маңызды түрі саналады.
Жарыстың ашылу салтанатында Павлодар облысы ПД арнайы және мобилизациялық даярлық басқармасының бастығы Ерік Төлегенов сөз сөйлеп, мұндай сайыстар полиция қызметкерлерінің спорттық шеберліктері мен дағдыларын шыңдауға жол ашатынын атап өтті. Ол қатысушыларға сәттілік пен әділ күрес тіледі.
Жанкүйерлердің қолдауы спортшыларға жігер беріп, жарыстың тартысты өтуіне әсер етті. Төрешілердің пікірінше, сайысқа қатысқан самбошылар жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Қызу дода соңында өз салмақ дәрежелерінде жеңіске жеткен спортшылар қатарында Медет Құдайбергенов, Данияр Баймағамбетов, Алмас Ерғабулов, Ануарбек Қайырбеков, Имарат Шалабанов, Есенбек Жайлаубай, Ансар Мұхтар, Қанағат Ыдырышев, Берік Әбілғазов және Мейірбек Құдырқұлов бар.
Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Павлодар қалалық полиция бөлімі, екінші орынды Ақсу қалалық полиция бөлімі иеленді, ал үздік үштікті Успен аудандық полиция бөлімі түйіндеді.
Жарыс соңында жеңімпаздарға естелік сыйлықтар, грамоталар, медальдар мен кубоктар табысталды.