Павлодарда сақтау ережелерін бұзған 73 қару иесі жауапқа тартылды
Павлодарда сақтау ережелерін бұзғаны үшін 73 қару иесі жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында ағымдағы жылғы 17 мамыр мен 17 маусым аралығында Павлодар облысының аумағында «Қару» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шара атыс қаруын заңсыз айналымнан алып қоюға, ұрланған және жоғалған қаруды іздестіруге, сондай-ақ азаматтық қару иелерін тұрғылықты жері бойынша оның сақталуы жөніндегі заңнама талаптарының сақталуы тұрғысынан тексеруге бағытталған.
– Жеті күннің ішінде полицейлер заңсыз сақталған қаруды анықтау бойынша 220 рейдтік іс-шара өткізді, шаруа қожалықтары, мал жайылым учаскелері, сондай-ақ қару айналымы саласында жұмыс істейтін заңды тұлғалар тексерілді. Тұрғылықты жері бойынша екі мыңға жуық жеке қару иелері тексерілді. Нәтижесінде сақтау ережелерін бұзғаны үшін 73 қару иесіне қатысты ҚР ӘҚБК 484-бабы бойынша әкімшілік іс жүргізу қозғалды. Қаруды тіркеу (қайта тіркеу) тәртібін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 486-бабы бойынша тағы 10 қару иесі тартылды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті Әкімшілік ПБ-ның бастығы Нұржан Таңатаров.
Полиция қару айналымы ережелерін бұзғаны үшін иелерінен тіркелген қарудың 100 бірлігі тәркіленгенін атап өтті. Барлық тәртіп бұзушылар Мамандандырылған оқу орталықтарына қайта даярлауға жіберілді.
Мысалы, Ақсу қаласында ер адам өзімен бірге 12 калибрлі екі ұңғылы тегіс ұңғылы мылтықты заңсыз алып жүрген. Екібастұзда полицейлер «МЦ-21-12» моделі тегіс ұңғылы, бір ұңғылы бес оқтаулы аңшылық мылтықтың кесіндісін тәркіледі. Ертіс ауданы ауылдарының бірінде гараждан ТОЗ-66 маркалы тегіс ұңғылы екі ұңғылы мылтық алынды. Барлық тәркіленген қару бойынша баллистикалық сараптама тағайындалды. Полиция департаменті заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын еске салады.