Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда "SOS" дабыл түймелері қаланың 20 жерінде жұмыс істеп тұр

Павлодарда "SOS" дабыл түймелері қаланың 20 жерінде жұмыс істеп тұр, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласының халық көп жиналатын орындарында полицияны жедел шақыруға арналған "SOS" дабыл түймелері орнатылды. Қазіргі таңда мұндай құрылғылар 20 жерде жұмыс істеп тұр. Бұл – құқық бұзушылықтар мен төтенше жағдайлар кезінде азаматтарға көмекке жүгінудің тиімді әрі қолжетімді тәсілі.

"SOS" түймесін басқан сәтте оперативтік басқару орталығының полицейімен тікелей байланыс орнатылады. Құрылғыға орнатылған бейнекамера арқылы оқиға орны нақты бақыланады, ал дауыс зорайтқыш пен микрофон арқылы полиция қызметкері көмек сұраған азаматпен сөйлесе алады.

Жыл басынан бері осы жүйе арқылы 21 өтініш тіркелген. Негізгі шағымдар – қоғамдық тәртіпті бұзу, көшеде ішімдік ішу, қоқыс тастау, тыныштықты бұзу және жол қозғалысы ережелерін сақтамау сынды әкімшілік құқық бұзушылықтар. Тәртіп бұзушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, тиісті әкімшілік шаралар қабылданады.

Мысалы қала тұрғыны көшеде мас күйінде агрессивті әрекет жасап жүрген адамды "SOS" түймесі арқылы хабарлаған. Жедел әрекет нәтижесінде құқық бұзушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына жеткізілді.

Полиция департаменті тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады. "SOS" түймесі – қауіп төнген сәтте әр адамның жанында болатын сенімді қорған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру