Павлодарда сотталған азамат түзеу мекемесінде отбасын құрды
Павлодарда сотталған азамат түзеу мекемесінде отбасын құрды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өмірде түрлі тағдырлар тоғысады. Солардың бірі – бостандықта жүрген кезінде танысқан сүйіктісімен арадағы сезімді жылдар бойы сақтап, ақыры түзету мекемесінде отбасын құрған сотталған азаматтың оқиғасы.
Аталған азамат сот үкімі шыққанға дейін қызымен бірнеше жыл қарым-қатынаста болған. Сотталғаннан кейін де екеуінің байланысы үзілмей, қыз жігітін күтіп, қолдау көрсетіп отырған. Қиындық пен сынаққа толы бес жыл олардың сезімін әлсіретпей, керісінше нығайта түскен.
Нәтижесінде, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, түзету мекемесінің аумағында неке қию рәсімі заңды түрде өткізілді. Салтанатты шараға мекеме қызметкерлері мен жақын туыстары қатысып, жас жұбайларға ақ тілектерін білдірді.
Мекеме әкімдігінің айтуынша, мұндай отбасылық қолдау сотталған азаматтың түзелуіне, қоғамға қайта бейімделуіне оң әсер етеді. Ал жас жұбайлар болашақта бостандықта бірге өмір сүруді жоспарлап отыр.
Бұл оқиға — шынайы сезім мен сабырдың, үміт пен сенімнің жеңісі екенінің айқын дәлелі.
