Павлодарда сотталғандар «Құнанбай» фильмін тамашалады
Павлодарда жазасын өтеп жатқан сотталғандар тағылымы мол қазақи тәрбиенің бір көрінісін «Құнанбай» фильмінен тамашалады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталған азаматтарға мекеме қызметкерлері тәрбиелік ықпал етудің бір әдісі ретінде арнайы фильмдер көрсететіні көпшілікке мәлім. Бұл жолы АП-162/2 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар XIX ғасырдың тұрмыс-тіршілігіне негізделген Досхан Жолжақсыновтың туындысы «Құнанбай» фильмін тамашалады. Сотталғандар әрбір оқиға мен шиеленісті жіберіп алмауға тырысып, фильмді тапжылмай, соңына дейін тамашалады. Фильмнің соңында туындының айтарлықтай әсер бергені сотталған азаматтардың пікірлерінен айқын аңғарылды.
– Адамның көңіл-күйіне шынайы әсер ететін бұндай фильмдер көптеп көрсетілсе жақсы болар еді. Құнанбай қажының сот төрелігін шығарудағы әділдігі мені таңқалдырды. Қалай болғанда да көруге тұрарлық фильм, барлық сотталғандар көруі керек деген ой қалыптасты және біз сияқты басқа ұлт өкіліне бірнеше рет көріп түсінсе жақсы болар еді, – десті сотталғандар.
Фильмді сотталған азаматтармен бірге тамашалаған жасақ бастығы Ж.Сабырбековте өз пікірімен бөлісті.
– Бұл фильмде Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген ұлағатты сөзі көрініс тапқан. Оны біз Құнанбай қажының қайсарлық, әділдік, қарапайымдылық, даналық сияқты асыл қасиеттерінен байқай аламыз, – деді ол.
-Осындай асыл қасиеттерді насихаттау, сотталған азаматтарға дұрыс бағыт-бағдар беру – ҚАЖД қызметкерлерінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады, – деді мекеме бастығы Мұхтар Сейітахметов.