Павлодарда студенттермен нашақорлықтың алдын алу бойынша кездесу өтті
Павлодарда студенттермен нашақорлықтың алдын алу бойынша кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында Павлодар қаласы полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері Түсті металлургия жоғары колледжінің 2-курс студенттерімен профилактикалық кездесу өткізді.
Кездесу барысында Павлодар қаласы полиция басқармасының аға жедел уәкілі Эльмира Сейтахметова синтетикалық есірткі заттарын қолданудың ауыр салдары, сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымы саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстар үшін көзделген құқықтық жауапкершілік туралы жан-жақты мәлімет берді.
Тәртіп сақшысының айтуынша, бүгінде есірткі құқық бұзушылықтары үшін ұсталғандардың басым бөлігі 14 пен 30 жас аралығындағы жастар. Бұл қылмыстардың артуы жоғары технологиялардың дамуына байланысты интернет кеңістігінде кеңінен таралуымен түсіндіріледі. Есірткі саудагерлері оңай алданатын, жоғары табыс уәде етілетін кәмелетке толмағандар мен жастарды өздерінің көлеңкелі схемаларына тартуда.
Кездесу барысында студенттерге есірткі және психотроптық заттарды тұтынатын тұлғалардың алғашқы белгілері көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылды.
Шара соңында жастар полицейлерге мазмұнды әрі пайдалы ақпарат үшін алғыстарын білдірді.
Полиция өкілдері мұндай кездесулердің басты мақсаты - жастар арасында есірткі тұтынудың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру екенін атап өтті. Сонымен қатар, ата-аналарды жасөспірімдерге көбірек көңіл бөліп, олардың өміріндегі өзгерістерге бейжай қарамауға және дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыруға қолдау көрсетуге шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша Түсті металлургия жоғары колледжінің 2-курс студенті Біржан Минапұлы "Заң мен тәртіп" акциясына белсенді қатысқаны үшін Павлодар қаласы полиция басқармасы бастығының атынан алғыс хатпен марапатталды.
