Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда студенттермен құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында кездесу өтті

Павлодарда студенттермен құқық бұзушылықтың алдын алу тақырыбында кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласында полиция қызметкерлері медициналық колледж студенттерімен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған құқықтық сағат өткізді.

Кездесу барысында студенттерге білім беру ортасындағы буллинг ұғымы, оның түрлері, себептері мен белгілері туралы жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ буллингтің алдын алу жолдары, мұндай жағдайларда дұрыс әрекет ету тәсілдері және кейбір іс-әрекеттердің әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені айтылды.

Павлодар қаласы полиция басқармасы Солтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Владислав Коровин қоғамдық орындарда және интернет кеңістігінде өзін-өзі ұстау мәдениетін сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

— Бүгін студенттермен білім беру ортасындағы буллингтің мәні, оның себептері мен белгілері туралы әңгімелестік. Сонымен қатар мұндай жағдайлардың алдын алу жолдары мен оған қалай дұрыс әрекет ету керектігін түсіндірдік. Қоғамдық орындарда және интернет желісінде тәртіп сақтау, бір-біріне құрметпен қарау, агрессияға, қорлау мен физикалық немесе психологиялық қысымға жол бермеудің маңыздылығын талқыладық, — деді учаскелік инспектор Владислав Коровин.

Кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, түрлі сұрақтар қойып, өмірлік мысалдар келтіріп, құқық қорғау қызметкерімен бірге әртүрлі жағдайларды талқылады.

Шара соңында Владислав Коровин студенттерді заң талаптарын сақтауға шақырып, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп көбіне әр адамның жеке жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру