Павлодарда тергеу изоляторының қызметкерлері бүгінгі күннің батырымен сұқбаттасты
Павлодарда тергеу изоляторы қызметкерлері бүгінгі күннің батырымен сұқбаттасты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласындағы ҚАЖД-ға қарасты №63 мекемеде ерекше кездесу өтті. Қызметкерлер азаматтық қорғау капитаны Алмас Қалиевпен жүздесті. Бұл кездесу — тек құрмет емес, қайсарлық пен ерліктің нақты үлгісіне тағзым еді.
2024 жылғы 31 қаңтарда Торайғыров көшесіндегі көпқабатты үйде шыққан өрт кезінде Алмас Қалиев кәсіби шеберлік пен нағыз ер азаматқа тән батылдық танытты. Жалынды шарпыған пәтерден 13 адам, оның ішінде 4 бала сәтті эвакуацияланды. Алайда ең әсерлі сәт — балконда түтінге тұншығып қалған кішкентай қызды құтқару операциясы болды.
Тығыз түтін мен жоғары температураға қарамастан, Алмас Қалиев қорыққан баланың даусын естіп, әріптестерімен бірге оны іздеуге кірісті. Қызды сабырға шақырып, тыныштандырған соң, арнайы қауіпсіздік құрылғысын кигізіп, қолына көтеріп, түтінге толы баспалдақпен төменге алып шықты. Дереу медицина қызметкерлеріне табыстаған қыздың өмірі дер кезінде көрсетілген көмектің арқасында сақталып қалды.
Бұл оқиға – тек кәсіби шеберлік пен батылдықтың көрінісі ғана емес, нағыз азаматтық ұстаным мен жауапкершілік сезімінің үлгісі. Алмас Қалиев қазіргі заманның батыр бейнесін сомдап отыр.
Өз ісіне адалдық, адам өмірін бәрінен биік қою — осындай қағидалармен қызмет етіп жүрген Алмас Қалиев мемлекеттік наградаға ұсынылды. Тергеу изоляторы ұжымы үшін мұндай батырмен жүздесу — үлкен шабыт сыйлайды.