Павлодарда түзеу мекемесіне есірткі кіргізбек болған күдікті анықталды
Павлодарда түзеу мекемесіне есірткі жеткізу әрекеті әшкереленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №63 мекемесінде тыйым салынған затты кіргізбек болған әрекет дер кезінде тоқтатылды.
Сәлемдемені тексеру барысында мекеме қызметкерлері темекі қорабының ішінен сұр-жасыл түсті белгісіз затты анықтады. Кейінгі сараптама нәтижесі бұл заттың жалпы салмағы 9,99 грамм болатын гашиш есірткісі екенін көрсетті.
— Аталған дерек бойынша жедел-тергеу тобы шақырылып, процессуалдық шаралар қабылданды. Сәлемдемені жеткізген азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оның ісі бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды, — деп мәлімдеді мекеме бастығының орынбасары Александр Тюменцев.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, жүргізіліп жатқан жүйелі түсіндіру жұмыстарына қарамастан, кейбір азаматтар – тергеу-қамаудағылардың туыстары мен таныстары – режимдік мекемеге тыйым салынған заттарды жеткізуге әрекеттенуді доғармай отыр. Мұндай әрекеттер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапқа тартылады.
Полиция азаматтарды заңға бағынып, түзету мекемелеріндегі тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.