Павлодарда түзеу мекемесіне телефон өткізу әрекеті дер кезінде анықталды
Павлодар облысы ҚАЖД-ға қарасты №63 түзеу мекемесінде режимдік аумаққа телефон өткізу әрекеті дер кезінде анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бақылау-өткізу пунктінде келген сәлемдемені тексеру барысында инспекторлар стандартты гигиеналық қаптамада жасырылған затқа назар аударды. Толық тексеру кезінде қаптамадан телефон мен SIM-карта табылды.
Қазіргі уақытта аталған жағдай бойынша барлық қажетті материал жинақталды. Жөнелтушіге қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тексеру жүргізілуде.
– ҚАЖ мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізу әрекеті әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Бұндай әрекеттер құқық бұзушылық қана емес, жазасын өтеп жатқан адамдардың тәртіпті мінез-құлқы үшін қарастырылған жеңілдіктерінен айырылуына да себеп болады, – деп ескертті ҚАЖ қызметкерлері.
Айта кетейік, ҚАЖ мекемелерінде бақылау жүйесі үнемі жетілдіріліп отырады.
