Павлодарда учаскелік инспекторлар қоғамдық кеңес отырысын өткізді
Павлодарда учаскелік инспекторлар қоғамдық кеңес отырысын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Қауіпсіз аула" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Павлодар қаласының учаскелік полиция пунктінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Отырыс барысында алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс пайдаланатын әрі отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзушылықтарға жол беретін азаматтың қоғамға қарсы мінез-құлқы қаралды. Кеңес мүшелері жанжалдардың туындау себептерін және оларды болдырмауға бағытталған профилактикалық ықпал ету шараларын талқылады.
– Кездесу кезінде қолданыстағы заңнама талаптары, құқыққа қайшы әрекеттер үшін көзделген жауапкершілік және өмір салтын өзгерту қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – деді Оңтүстік полиция бөлімінің аға учаскелік инспекторы Жүнусов Аблайхан.
Талқылау қорытындысы бойынша азаматқа бір ай мерзімге сынақ мерзімін белгілеу туралы шешім қабылданып, осы кезеңде оның мінез-құлқына профилактикалық бақылау жүргізілетін болды.
Мұндай қоғамдық кеңес отырыстары қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тұрмыстық жанжалдар деңгейін төмендетуге және азаматтардың қоғамдық тәртіп пен отбасылық құндылықтарды сақтауға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған.
