Павлодарда Ұлттық ұланның қызметтік иті 3 келі есірткі затын тапты
Павлодарда Ұлттық ұланның қызметтік иті үш келі есірткі затын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 сәуір күні сағат 21.30 шамасында Павлодар облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына белгісіз азаматта есірткі заты сақтаулы деген хабарлама түсті.
Оқиға орнына полиция қызметкерлерімен қатар Ұлттық ұлан 5512 әскери бөлімінің кинологиялық қызметінің маманы Талғат Қабдрахманов қызметтік иті Бравомен келді.
Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында ит моншадағы сөренің қасына келіп, белгі бере бастады. Мұқият тексеру кезінде «мөрленген» дейтін жазуы бар сегіз дана түйірлер табылды. Ішінде жасыл түсті өсімдік тектес үш келі есірткі заты бары анықталды.