Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда ұрып-соғу фактілерін тергеу мәселелері талқыланды

Павлодар облысының полиция департаменті базасында қасақана жеңіл дене жарақатын келтіру және ұрып-соғу фактілері бойынша қылмыстық теріс қылықтарды тергеу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға прокуратура органдарының өкілдері, сот-медициналық сараптама мамандары және анықтау бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу барысында құқық қолдану тәжірибесінің өзекті мәселелері, іс-әрекеттерді саралау кезіндегі мәселелі тұстар, сот-медициналық сараптамаларды тағайындау тәртібі, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары, прокуратура және сараптамалық мекемелер арасындағы процестік өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

– Өтініштер мен хабарламаларды уақытылы тіркеу, дәлелдемелік базаны сапалы жинау, құқық бұзушылардың әрекеттерін дұрыс құқықтық саралау, жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және процестік мерзімдерді сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Прокуратура өкілдері қылмыстық-процестік заңнама талаптарын қатаң сақтау және қадағалау қызметін күшейту қажеттігін атап өтті. Сот-медициналық сараптама мамандары сараптамаларды тағайындау және жүргізу тәртібін, сондай-ақ сарапшыға сұрақтарды тұжырымдау кезінде жиі жіберілетін қателіктерді түсіндірді, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Малик Оңғарбаев.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру және аталған санаттағы қылмыстық теріс қылықтарды тергеу тиімділігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар әзірленді. Мұндай іс-шараларды өткізу сотқа дейінгі тергеп-тексеру сапасын арттыруға және жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру