Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда заңсыз мотоцикл жүргізушілеріне шара қолданылды

Павлодарда заңсыз мотоцикл жүргізушілеріне шара қолданылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаз маусымының басталуына байланысты облыс жолдарында мотоциклдермен жүру көрсеткіші айтарлықтай артты. Алайда жол қозғалысының негізгі талаптарынан бейхабар, қажетті теориялық және тәжірибелік даярлығы жоқ азаматтар ауылдар мен қалаларда мотоциклмен жарысып, жол ережелерін өрескел бұзып, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығына нұқсан келтіруде.

– Жастар Атамекен кентінің көшелерінде мотоциклмен ерсілі-қарсылы жүр. Тыныштық жоқ. Өтініш айтсам, тыңдамайды. Көшеде жүру мүмкін емес, – деп хабарлады кент тұрғыны 102 арнасына.

– Күндіз-түні мотоциклмен шапқылап жүр! Ертең бір нәрсеге соғылып қалса, кім жауап береді? Ата-аналары не қарап отыр? – деп тағы бір тұрғын наразылық білдірді.

Осындай мазмұндағы шағымдар күн сайын жергілікті полиция бөлімшесіне келіп түсуде.Азаматтардың өтініштері мен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында Павлодар қаласы Солтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері мотоцикл жүргізушілерінің тарапынан орын алатын жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерінің алдын алу бойынша күнделікті рейдтік іс-шаралар өткізуде. Мәселен, бір тәуліктің ішінде ғана Атамекен кентінде көлік жүргізу құқығы жоқ бірнеше кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды.

– Жол қозғалысы ережелерін бұзған кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарына қатысты заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қолданылды. Атап айтқанда, балаларын тиісті түрде тәрбиелеу міндетін орындамағаны үшін ата-аналар жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, көлік құралдарын жүргізуге құқығы жоқ тұлғалардың көлік тізгіндегені және көлік пайдалану ережелерінің бұзылғаны үшін де жауапкершілік көзделген. Ата-аналармен және жасөспірімдермен профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деді Солтүстік ПБ бастығының орынбасары Ринат Шарипов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру