Павлодарда заңсыз такси қызметімен айналысқан шетелдік ұсталды
Павлодарда заңсыз такси қызметімен айналысқан шетелдік ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында 16 маусымнан бастап көші-қон заңнамасының сақталуын қадағалауға бағытталған "Заңсыз келуші - 2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Іс-шараның алғашқы екі күнінде полиция қызметкерлері 62 құқық бұзушылықты анықтап, заң талаптарына сәйкес шара қабылдады.
Олардың 45-і — Қазақстан аумағында болу ережелерін бұзған шетел азаматтары болса, қалған 17-сі — отандастарымыз. Сонымен қатар көші-қон заңнамасына сәйкес рұқсатсыз такси қызметін көрсеткен екі шетелдік анықталды. Үш шетел азаматы сот шешімімен ел аумағынан шығарылды.
Мәселен, Павлодар қаласында полицейлер Chevrolet көлігімен заңсыз такси тасымалын жүзеге асырып жүрген шетел азаматын ұстады. Аталған дерек бойынша ҚР ӘҚБтК талаптарына сәйкес әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан жұмыс беруші де жауапқа тартылды.
Полиция "Заңсыз келуші - 2025" жедел-алдын алу іс-шарасы 20 маусымға дейін жалғасатынын хабарлап, барлық азаматтарды көші-қон заңнамасын қатаң сақтауға шақырады.