Павлодарда заңсыз жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары анықталды
Павлодарда заңсыз жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және алдын алуға бағытталған «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде Павлодар қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің қызметкерлері ішкі және сыртқы көші-қон ағындарын бақылауды күшейту және заңсыз көші-қон фактілерінің жолын кесу мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізді.
– Мәселен, полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз еңбек қызметін жүзеге асырған Тәжікстан Республикасының үш азаматын анықтады. Аталған азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, шетелдік азаматтарды жұмысқа тартқаны үшін ғимарат иесі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Павлодар облысы ПД.
Полицейлер тұрғындар мен шетелдік азаматтарды көші-қон заңнамасын қатаң сақтауға шақырды.